Жеңіліс көрмеген қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың (18-0) UFC 310 турниріндегі титулдық жекпе-жегі тоқтатылды. Бұл туралы ақпаратты Шавкаттың командасы растады.
Жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек 8 желтоқсанда Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өтуі керек еді. Бірақ өтпейтін болды.
Бұған дейін де әлеуметтік желілерде промоушн чемпионы Белал Мұхаммадтың (24-3-0-1) белгісіз себептермен жекпе-жек өткізбейтіні туралы ақпарат пайда болған еді. Ал, енді Рахмоновтың командасы да бұл кездесудің өтпейтінін растап отыр.
Қазір Шавкат UFC 310 турнирінде октагонға басқа қарсыласпен шыға ма әлде белбеу иегері Мұхаммадпен жекпе-жекті күте ме, әзірге белгісіз және келіссөздер әлі де жүріп жатыр.
UFC жартылай орта салмақ рейтингінде үшінші орында тұрған Шавкат үшін бұл 2024 жылғы алғашқы кездесу болатын.