ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада жуырда ғана Албания астанасы Тиранада күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатының жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесіп, палуандарды марапаттады.
«Албаниядағы әлем чемпионатында біздің палуандар өздерінің шеберлігін, табандылығынәлемге паш етті. Бұл жеңіс тек сіздерге ғана емес, тұтас елге үлкен шабыт сыйлайды. Сіздердің жеңістеріңіз – жас ұрпаққа үлгі-өнеге, оларға биік мақсаттарға жетуге серпін беретін нағыз патриоттық тәрбиенің үлгісі. Маңызды жеңістердің бірі ретінде Нұрқожа Қайпановтың алтын медалін ерекше атап өту керек. Сондай-ақ күміс медальға қол жеткізген Ержет Жарлықасын мен Жәмила Бақбергенова да мықты спортшы екенін дәлелдеді. Ризабек Айтмұханды айырықша атап өткім келеді. Ол бір жылда екі жас санатындағы әлем чемпионатында топ жарып, өз салмағында рекорд орнатты. Бұл оның 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадада сәтті өнер көрсетуіне жол ашады деп сенемін», — деді Ербол Мырзабосынов.
Жиын соңында министр Ризабек Айтмұхан мен Ержет Жарлықасынға Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері атағын табыстап, спортшылар мен жаттықтырушыларды Алғыс хатпен марапаттады.
Әлемдік аренада ел мерейін үстем еткен спортшыларымыз мұндай марапатқа әбден лайық.