Бұған дейін басылым беттерінде еліміздің футбол федерациясын бұрынғы спорт министрі басқарады деген ақпарат желдей есті. Алайда бұған қазіргі таңда ҚР Премьер-министрдің кеңесшісі қызметін атқарып жатқан Ермек Маржықпаев түсініктеме берді.
«Құрметті достар! Қазақстан футбол федерациясының президенті лауазымына менің кандидатурамды ұсыну бойынша ақпаратқа түсініктеме беріп өтейін. Менің бұл қызметті атқаруға еш жоспарым жоқ. Сіздер сияқты мен де футбол жанашырмын. Сондықтан да бұл #1 спортта біздің ұлы жеңістеріміз әлі алда екеніне сенімдімін», — деді Ермек Маржықпаев.
Естеріңізге сала кетейік, 8-қараша күні Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) президенті Әділет Барменқұлов өз еркімен қызметінен кету туралы шешім қабылдады. Әділет Назарбайұлы 2022 жылдың ақпан айынан бері еліміздің футбол федерациясын басқарды.