«Қайрат» футбол клубы бас бапкер Рафаэль Уразбахтинмен келісімшартты 2027 жылғы маусымның соңына дейін ұзартты.
Оның жетекшілігімен команда Премьер-лиганың 8 ойынында 6 рет жеңіске жетіп, 1 матчты тең аяқтап, бір рет қана жеңілістің дәмін татты.
Бапкер келісім-шартқа қол қойған соң клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында пікір білдірді.
«Өте қуаныштымын! Жаңа келісімшартқа отыру – мен үшін үлкен жауапкершілік. Арманым орындалды деп айта аламын. Жанымның бір түкпірінде осыны армандап едім. Кәсіпқой футболдағы алғашқы қадамымды «Қайратта» жасадым. Бапкер жолымды да «Қайрат» Академиясында бастап, барлық кезеңнен өттім. Мен үшін бұл қуанышты оқиға! Әрқашан жасап жатқан жұмысыңа сенуің керек. Мойнымда үлкен жауапкершілік бар. «Қайрат» футбол клубының маған артқан сенімін ақтауға тырысамын. Артымызда тұрған адамдарды, атап айтқанда жанкүйерлерімізді қуанту үшін өз еңбегімізді көрсетіп, жақсы нәтижеге жетіп өтеу қажет», — деді Рафаэль Уразбахтин.
Маусым соңында «Қайрат» Қазақстан чемпионы титулын жеңіп алып, еліміздің ең мықты клубы мәртебесін алды. Бұл жетістік үйлесімді жұмыстың, бапкерлер штабының кәсібилігі мен команда бірлігінің нәтижесі екені анық.