Италияның Монтесильвано қаласында кадеттер арасында шахматтан әлем чемпионаты аяқталды. Бұл додада Қазақстандық шахматшылар Аланна Берікқызы мен Марк Смирнов жеңімпаз атанса, Ханзада Аманжол күміс медаль еншіледі.
Аланна Берікқызы 10 жасқа дейінгі санатта әлем чемпионы атанды. Ол 11 турдан кейін 9,5 ұпай жинады. Бұл номинацияда әлемнің 100 үздік шахматшы қыздары бақ сынады. Еске салайық, өткен жылы Аланна Грецияда классикалық шахматтан 9 жасқа дейінгі санатта әлем чемпионы атанған болатын.
Ұлдар арасында (U12) Марк Смирнов ең көп ұпай жинап, алтын медальға қол жеткізді. Оның еншісінде 11 турдан кейін 10 ұпайы бар.
12 жасқа дейінгілер арасында Ханзада Аманжол күміс жүлдегер атанды (қосымша көрсеткіш бойынша әлем чемпионатында екінші орын алды). Бұл жас санатында 93 шахматшы сынға түсті.
Чемпионатта 77 елден 700-ден астам жас шахматшы бас қосты. Оның ішінде 6 ФИДЕ шебері (FM) және 2 ФИДЕ әйелдер шебері (WFM). Қазақстан атынан 32 шахматшы қатысты.
Осылайша, 2 алтын (Аланна Берікқызы, G10 және Марк Смирнов, О12) және 1 күміс (Ханзада Аманжол, G12) жеңіп алған Қазақстан медальдық есепте 1-ші орынға көтерілді (Қытайда 2 алтын және 1 қола).