Қазақстандық спортшы Қытайдағы Гран-приде мәнерлеп сырғанаудан күміс медаль жеңіп алды. Бұл оған финалдың резервтік тізімін бастауға мүмкіндік берді.
Ал, бүгін, 27 қарашада француз мәнерлеп сырғанаушы Адам Сяо Хим Фа соңғы жарыста тобығын жарақаттап, Гран-при финалынан шығып қалғаны белгілі болды. Осыған орай, Михаил Шайдоров резервтік тізімнің көшбасшысы ретінде финалға қатысуға шақырту алды.
«Сене алар емеспін. Тіпті ойымды жинақтай алмай тұрмын. Мен Гран-при финалында өнер көрсеткен бірінші қазақстандық спортшы боламын. Бұл сондай керемет!», — деді Шайдоров.
Гран-при финалы 5-8 желтоқсан аралығында Францияда өтеді. Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы Гран-при финалында қазақстандық спортшыдан бөлек Илья Малинин (АҚШ), Юма Кагияма, Сюн Сато (екеуі де Жапония), Кевин Аймо (Франция) және Даниэл Грассль (Италия) өнер көрсетеді.